“ӘЙЕЛ АМАНАТЫ” – ОТБАСЫ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты партияның “Әйел аманаты” жобасы шеңберінде ерекше бастаманы қолға алды. Медицина саласының қызметкерлерімен бірлесе аудан, қалаларда «Денсаулық керуенін» ұйымдастырып, әйелдерді, жүкті қыз-келіншектерді медициналық профилактикалық бақылаудан өткізуді, кәсіби дәрігерлерден консультациялар алуды ұйымдастырды. «Әйел аманаты» жобасы шеңберінде заманауи сын-қатерлерге жауап беретін практикалық алаң ашылып, онда әйелдердің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету, отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесін қолға алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу мәселелеріне арналған семинарлар өткізілді.
Облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева бастап келген «Денсаулық керуенінің» құрамына енген гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, невропатолог дәрігер мамандары емханада әйелдердің қан сынамаларын алуына қатысып, қыз-келіншектерді қабылдады. Қонақтарға емхананың ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстары мен ана мен балаға жасалған мүмкіндіктер, көрсетіліп жатқан медициналық қызметтері жайлы емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлия Утегенова таныстырды.
Облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева шараның басты мақсаты әйел денсаулығын қорғау, отбасы құндылықтарын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу екенін атап өтті.
Мамандардың қабылдауына келген Кентау қаласының тұрғыны Малика Жанғозиева әйелдерге қажетті акция өткізіп жатқан партияның Әйелдер қанатына ризашлығын білдіріп, алғысын айтты «- Бүгін Кентау қалалық емханасына «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатынан арнайы мамандар келді. Мен «Денсаулық керуенімен» келген невропатолог маманның көмегіне жүгіндім. Жасөспірім қыздарымның денсаулығына байланысты дәрігерден консультация алдым. Дәрігер өте білікті маман екен, кәсіби кеңестерін айтып, баламен жұмыс жүргізудің әдістерімен бөлісті, қандай ем алу керек екенін айтты. Партия мен дәрігерлерге алғыс айтамын», — деді М.Жанғозиева.
Акция шеңберіндегі семинар Кентау қалалық жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында өтіп, оған қала мектептері мен колледждер директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психолог мамандар, білім беру ұйымдарының мейірбикелері, медицина мамандары, қоғам белсенділері санатындағы әйелдер қатысты. Ерте жүктіліктің алдын алу мәселесіне арналған семинарды партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров жүргізді.
«- Қазіргі таңда Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар мәселелердің қатарында жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік жағдайлары өзекті болып отыр. Ерте жүктілік бұл бір күнде пайда болған мәселе емес, оның түп-тамыры тереңде жатыр. Сондықтан бұл тақырыпты жабық ұстау емес, ашық талқылау, алдын алу, дұрыс бағыт беру – әрбір ата-ана, ұстаз, медицина маманы мен бүкіл қоғамға ортақ міндет», — деді Арман Басаров.
Жасөспірім – болашақ ана, болашақ ұрпақтықтың тәрбиешісі. Ендеше, олардың тағдырына немқұрайлы қарауға болмайды деп атап өтті Қалыйма Жантөреева.
Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша «Сөйле балам» орталығы директорының орынбасары, невропотолог Әсел Бердіқұл, №3 облыстық перинаталдық орталығының дәрігер акушер-гинекологы Маржан Нартаева, «Дара Медиа» ақпараттық агенттігі және әйелдер ресурстық орталығының директоры Рухабза Халдарбек хабарлама жасады. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар қойған сауалдарға Сауран аудандық емханасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары, жалпы тәжірибелі дәрігер Лайла Кодаманова, Сауран аудандық емханасының акушер-гинеколог дәрігері Ақтолқын Сәрсенбаева жауап беріп, пікір алмасты. Қатысушылар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, ұсыныстар білдірілді.
“Әйел аманаты” жобасы аясында осындай іс-шаралар алдағы уақытта өңірдің барлық аудан-қалаларында жалғасын табатын болады.
Кентау қалалық емханасы ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы бастамаларды әрқашан қолдап, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуді жалғастыра береді.
