Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында психолог мамандары медицина қызметкерлеріне психикалық денсаулық бойынша семинар тренинг өткізді.
Психикалық денсаулық – өмір сапасының негізі
Жалпы, жан дүниенің саулығы адамның отбасындағы қарым-қатынасынан бастап, қызметтегі жетістігіне дейін әсер етеді.
Психикалық денсаулық — бұл жеке адамның ойлауы, өзін ұстауы және өмірдің әртүрлі талаптары мен өзгерістерін қалай реттейтінінің жалпы саулығы. Психикалық салауаттылық – жеке тұлғаның ішкі байланыс пен тепе-теңдік сезіміне ие болуы және қоғамның жалпыадамзаттық құндылықтарымен өз қабілеттерін үйлесімді пайдалана білуі.
Психикалық денсаулық — танымға, қабылдауға және мінез-құлыққа әсер ететін эмоционалдық, психологиялық жүйе. Адамның өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын, өмірде кездесетін күйзелістерге төтеп бере алатын, өнімді және жемісті жұмыс істей алатын әл-ауқат жағдайы. Ол, сондай-ақ, адамның тұлғааралық қарым-қатынаста және шешім қабылдауда орнықтылығын, күйзеліспен қалай күресетінін анықтайды.
Біздің психикалық денсаулығымызға әсер ететін қауіп факторлары қандай?
Ұзақ уақыт күйзеліске түсу, балалық шақтағы психологиялық жарақаттар, қоғамдық қысым, агрессия, буллинг, эмоциялық қолдаудың болмауы, қалыпты ұйқы мен тамақтанудың бұзылуы, әлеуметтік жағдай мен түрлі денсаулықтағы аурулар — үлкен әсер етуші күш.
Психиканың бұзылу белгілері: жиі ашулану немесе жылауықтық, тәбеттің жоғалуы немесе керісінше, шамадан тыс тамақтану, ұйқысыздық немесе шамадан тыс ұйықтау, өз-өзіне сенімсіздік, жалғыздық сезімі, өмірге деген қызығушылықтың азаюы,т.с.с.
Сондықтан, ішкі сезіміңізді тыңдап, өз көңіл-күйіңізді бақылап, қажет болғанда психолог көмегіне жүгініңіз. Ұйқы мен тамақтану режимін сақтаңыз. Қимыл-қозғалыс жасаңыз. Таза ауада серуендеу, дене белсенділігі — стрессті жеңудің ең жақсы жолы. Жақындарыңызбен ашық сөйлесіңіз. Эмоциялық қолдау да – психикалық саулықтың тірегі. Әлеуметтік желіде токсикалық ақпараттардан аулақ болуға тырысыңыз. Оның орнына жағымды ой ойлап, позитивті өмір салтын ұстанған абзал. Психикалық денсаулық – өзіңді түсіну, өзгені қабылдау, өмірден ләззат алу қабілеті. Жан дүниеңіз тыныш болмаса, ешбір жетістік көңілге қуаныш сыйламайды. Сондықтан психикалық саулықты күту — әр адамның күнделікті назарында болуы тиіс.
Жан тыныштығы – өмір сапасының негізі.
Тән саулығымен бірге, жан саулығына да көңіл бөлу – саналы қоғамның белгісі.Психолог — адамның ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, эмоциясын, ойлау жүйесін, қарым-қатынас мәдениетін зерттейтін және психологиялық көмек көрсететін маман. Психологтың басты мақсаты — адамның психикалық саулығын нығайту, өмірлік қиындықтарды еңсеруге, өзін-өзі тануға және тұлғалық дамуға жәрдемдесу.
Психолог жұмысы әртүрлі бағыттарда жүргізіледі. Мысалы, клиникалық психолог психикалық бұзылыстар мен күйзеліс жағдайларын анықтап, психотерапиялық қолдау көрсетеді. Педагог-психолог балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқын, оқу мотивациясын, қарым-қатынасын зерттеп, ата-аналар мен мұғалімдерге кеңес береді. Ұйымдық психолог еңбек ұжымдарындағы қарым-қатынасты, мотивацияны, көшбасшылық қасиеттерді дамытады. Ал отбасылық психолог жұбайлар мен туыстар арасындағы түсініспеушілікті шешуге көмектеседі.
Психолог қызметінің маңызды бөлігі — тыңдау, түсіну және сенім атмосферасын қалыптастыру. Ол адамның проблемасын сырттай бағаламай, оның сезімін қабылдап, дұрыс бағыт-бағдар береді. Психолог кеңес беру кезінде ғылыми әдістер мен тесттерді пайдаланады, мысалы, тұлғалық сауалнамалар, интеллект немесе эмоциялық жағдайды анықтайтын әдістемелер.
Қазіргі қоғамда стресс, уайым, жалғыздық, кәсіби күйзеліс сияқты мәселелер жиі кездеседі. Мұндайда психологқа жүгіну — әлсіздік емес, керісінше, өз психологиялық денсаулығына жауапкершілікпен қараудың белгісі. Психологпен жұмыс істеу адамның өзін жақсырақ түсінуіне, өмір сапасын арттыруына және эмоционалдық тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
Сондықтан психолог — тек кеңес беруші емес, адамның ішкі әлеміне жарық түсіретін, өмір жолында серік бола алатын маңызды мамандық иесі.