
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексеріп, І және ІІ мөлтек аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелері мен жертөлелерін аралады. Аралау барысында қала басшысы нысандардың дайындығын көзбен көріп, тұрғындармен тілдесіп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Биылғы жылы І–ІІ мөлтек аудандарындағы 75 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда тұрғын үйлер жылыту маусымына толық дайын.
Қазіргі таңда қала бойынша 12 561 тұтынушы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік ұйым, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй бар. Барлық тұтынушыларға жылу беру кестеге сай және тұрақты жүргізілуде.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жылу маусымының сапалы және үздіксіз өтуін қамтамасыз ету – жауапты мекемелердің басты міндеті екенін атап өтті.
Сондай-ақ, тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге жедел әрекет ету, ақау анықталған жағдайда дер кезінде жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін тапсырды.
— «Қала қысқа толық дайын болуы керек. Әрбір көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысанның жылыту жүйесі үздіксіз жұмыс істеуі маңызды. Тұрғындардың жайлылығы – біздің басты назарымызда. Осы бағыттағы жұмыстар күн сайын бақылауда болуы тиіс», – деді қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Қысқы маусымның тұрақты және қауіпсіз өтуі үшін қала әкімдігі мен коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысын жалғастырмақ.Жылу маусымы – тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханаларды, мекемелерді және өндірістік нысандарды жылыту үшін арнайы белгіленген кезең. Оның маңыздылығы ең алдымен халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты. Суық мезгілде температура күрт төмендегенде үй-жайларды жылы ұстау – адам ағзасының ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады, тұмау, пневмония сияқты аурулардың алдын алады. Сонымен қатар жылу маусымы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді: коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын, энергия ресурстарын тиімді бөлуді және төтенше жағдайлардың алдын алуды талап етеді.
Экономикалық тұрғыдан да жылу маусымы маңызды. Ол энергия тұтыну көлемін реттеп, жылу көздерінің дайындық деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Инженерлік желілерді уақтылы жөндеу, қазандықтарды тексеру – халыққа сапалы қызмет көрсетудің кепілі. Сондықтан жылу маусымы – қоғамның жайлылығы мен қауіпсіздігіне әсер ететін күрделі әрі жауапты кезең.
